БҚО-да тауарлы балық шаруашылығы өрістеп келеді

Батыс Қазақстан облысында тауарлы балық шаруашылығын өрістетуға бет бұрғандар қатары артып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Иллюстративное фото: из открытых источников
Иллюстративное фото: из открытых источников

Айта кетерлігі, қазір аймақтағы су қоймаларында балық қоры мүлде азайып кеткен. Тіршілік нәрінің тапшылығы да жағдайды ушықтыра түседі. «Ал тоғандық балық шаруашылықтарының көбеюі осы олқылықтың орнын толтыруға септігін тигізеді», – дейді мамандар.

Андрей Павловтың мамандығы дәрігер. Ол демалыс күндері табиғат аясына тартып кетуді әдетке айналдырған. Көл басында қона жатып, тұнықтан балық аулағанды жақсы көреді. Қазір уылдырық шашатын мезгіл. Сондықтан осындай жекеменшік шаруашылықтарды жағалайтыны рас. Қармағы қапқан құлаштай балықтарды кейін қайтадан суға жібереді. «Кәсіби балықшының әуесқойлардан басты ерекшелігі осында», – дейді өзі.

Андрей Павлов, Орал қаласының тұрғыны:

– Барлық жағдайы жасалған осындай су қоймалары көп болса дейміз. Өйткені аймақтағы өзен-көлдерде балық түрлері өте азайып кетті. Іргедегі жайықты былай қойғанда, қаладан 300 шақырымға дейін шығып, құр қол қайтатын кездеріміз көп. Ал бұл шаруашылық балық шабақтарын өсіріп, осы тоғанға жіберіп отыр. Нәтиже жақсы. Салмағы 10 келі тартатын тұқы балықтары соған дәлел.

Михаил Марченко негізгі кәсібі мал шаруашылығы болғанымен, балық шабақтарын өсіруге шындап бет бұрған. Тұқы балығының уылдырығы шағын ғана құрылғының көмегімен алынады. Былтыр аймақтағы су қоймаларына 1 жарым миллион дана шабақ жіберіпті.

Михаил Марченко, кәсіпкер:

– Аналық балықтарға екпе салып, жасанды жолмен уылдырығын аламыз. Кейін олар инкубаторлық әдістің көмегімен өсіп-өне бастайды. Бастапқыда арнайы дайындалған ыдыстарда сақтаймыз. Бұл – бірнеше кезеңге ұласатын күрделі процесс. Күзде шабаққа айналған кезде тоғанға жібереміз.

Жаңақалалық Қажымұхан Борашев та ауыл маңындағы су қоймасын 5 жыл мерзімге жалға алған. Үш жыл бұрын Саратов облысынан 100 мың дана шабақ әкеліп, осы көлге салыпты. Келешекте тұқы, дөңмаңдай мен ақ амур балықтарын өсіріп, тауарлы тоған шаруашылығын өрістетпек ниетте.

Қажымұқан Борашев, шаруа қожалығының басшысы:

– Осы жерден өңдейтін бір цех салғым келеді. Шаруашылықтың қасынан бір шағын цех жоспарымда бар. Оған дейін осы балықтар өссе, ешқайда тасымай-ақ, өзім өңдеп, сапалы консерві жасау жайлы жоспарым бар. 5 жыл аренданың ішінде ешқандай пайда көрейін деп тұрған жоқпыз. Бұл балық келесі жылы уылдырық шашуы керек.

Шаруалардың айтуынша, талапқа сай инкубациялық желіні іске қосу үшін кемі 30 миллион теңге қаржы қажет. Ал салаға қаралатын субсидия көлемі мардымсыз. «Құжаттарын құнттауға да қыруар уақыт кетеді», – дейді мамандар.

Махамбет Ихсангали, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

– Жалпы, балық шаруашылығына бөлініп жатқан субсидия жоқ. Сол Марченкоға да кезінде балыққа тамақ қорек ретінде сатып алған құжаттарын тапсырғанда ғана қайтаратыны бар. Бірақ та жасыратыны жоқ, құжаттары өте күрделі.

Қазіргі таңда облыс бойынша 33 су қоймасы шаруашылықтарға жалға беріліпті. Соның алтауы тоғандық-тауарлы балық түрлері өсіруді қолға алған.

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы