Өнімділік тұқымның сапасына тікелей тәуелді
Оны атқамінерлермен қатар диқандар құптайды. Оны іс жүзінде кеңінен жүзеге асыру үшін 2015 жылы тұқымды демеуқаржыландырудың тетігі өзгертілді. Есесіне өнімділігі төмен жаппай репродукцияның көлемін құлдилату көзделіп отыр. Нәтижесінде сұрыпты алмастыру және жаңарту бойынша белгіленген межелер бағындырылатынына үміт артылған.
Тұқым шаруашылығы әлеуметтік игілік түрінде емес, кәсіпкерлік ретінде қарастырылуы тиіс. Оған еліміздің бас аграрийі шүбә келтірмейді. Оның уәжіне сүйенсек, атағы жер жаратын Монсанто іспетті әлемдік алпауыт компанияларға демеуқаржы үлестірілмейді. Оны қаперге мықтап алған құзырлы министрлік мемлекеттік демеудің тетігін өзгертуге бел буған. Бұған дейін диқан элиталық тұқымды еншілесе, демеуқаржының арқасында оның жарты құнын ғана төледі. 2015 жылдан бері оны сатып алуды демеуқаржыландырудан бас тарту ұйғарылды. Есесіне енді субсидия бірінші репродукциялық тұқым мен бірінші ұрпақтағы буданға бағытталған. Бар гәп жоғары сұрыпты дәннің тауарлық астық ретінде сатылуына тіреледі. Салдарынан элиталық тұқымды көбейту жұмыстарында еш ілгерілеу байқалмаған. Өнімділігі жоғары дән егіс алқаптарына сіңірілген, бірақ бұйырған сары алтынның қызығын тұқым ретінде емес, қаржы түрінде сезінуге бекінгендер басым. Бұл шаруаны дөңгелетуден гөрі кірістің көзіне айналғанын СҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы Мемлекеттік тұқым инспекциясы бөлімінің жетекшісі Людмила Дайырова да мойындайды.
– Людмила Васильевна, Солтүстік Қазақстан өңірі бойынша жалпы алдағы көктемгі дала жұмыстарына қажетті тұқымның көлемі қандай? Бүгінде оны толық қамтамасыз етуде және сортты жаңартуда қандай кілтипандар бар?
– Дәнді, майлы дақылдар және картоп бойынша 490 мың тонна тұқыммен қамдандық. Оның 15 мың тоннасы майлы дақылдарға, 1,4 мыңы жем-шөпке, 2,69 мың тоннасы картопке тиесілі. Егер дәнді дақылдарды тергіштесек, облысымызға жалпы 465 мың тонна тұқым керек. Бүгінде қажеттілік 100% қамтамасыз етілген. Оған тоқмейілсімей, сұрыпты алмастыруды қамшыладық. Бар гәп тек сортты жаңартуға тіреледі, әзірге облысымыз бойынша оның көрсетшікі 3% тең. Мәселен, 465 мың тонна тұқымның 5%-ын жаппай репродукция құрайды. Қарапайым сөзбен түсіндірсек, бұл аса жақсы тұқым емес. Бізде бірегей тұқымнан элита алынады және одан кейін 1,2,3,4,5 репродукция бар, ал одан өзгесі жаппай деп аталады. Соңғысымен көбіне ұсақ шаруалар қамданған. Бүгінде оларды алмастыруға басымдық берілуде. Сапасыз тұқымнан арылу көзделген. Бұл бағытта жаппай және 4,5 репродукция нысанаға алынды. Бүгінде еншіміздегі бірегей тұқымның көлемі 1%, элита 3 пайызға жетеді. Аттестацияланған шаруашылықтарда сатуға арналған 1-ші репродукция – 10% құрағанымен, егіс науқанына дейін көрсеткішті 20 пайызға жеткізу міндеті тұр. 2-ші репродукцияның көлемі 32%, ал 3-ші репродукция 33 пайыз. Қолымызда бар тұқымның 15% – 4 және 5 репродукцияға, 5 пайызы жаппай репродукцияға тиесілі. Оларды биылғы егіс науқанына дейін жаңартуды діттеп отырмыз. Бүгінде сұрыпты алмастыру және жаңарту бойынша семинар-кеңестер қолға алынып, 1-3 жоғары репродукцияларды ұсынатын тұқымды жеткізушілермен кездесулер ұйымдастырылуда.
– Теріскейлік диқандар тұқыммен қамдануда әлі де көрші мемлекетке ат арылта ма әлде жергілікті дәнге сұраныс басым ба?
– Өткен жылы теңге мен рубльдің арасындағы бағам айырмашылығы есебінен диқандар үшін көрші мемлекеттен тұқым сатып алу тиімді еді. Бүгінде жағдай кереғар. Ресейліктер дәнді дақылдың 1 тоннасын шамамен 100 мың теңгеге бағалайды. Бірақ бұл біздің агроқұрылымдардың қалтасын қағады. Есесіне жергілікті тұқым шаруашылықтарының ұсынған бағасы анағұрлым төмен. Мәселен, «Тайынша-астық» ЖШС 1-ші репродукцияның бір тоннасын 90 мың теңгеге сатуда. Сонымен қатар демеуқаржыландыру деген түсінік бар. Оның арқасында диқан арзандатылған бағамен жергілікті тұқымды сатып алады. Мемлекеттің қолдау нәтижесінде шаруалар үшін тұқымның бір тоннасы 60 мың теңгеге ұсынылуда.
Қолдағы мәліметтерді тергіштесек, өткен жылы өңірімізден тысқары аумақтардан 5 мың тонна тұқым жеткізілген. Әзірге биылғы көрсеткіш 1700 тоннаны құрайды. Егіс науқанынан кейін оның нақты көлемі айқындалады. Себебі диқанның дені қосымша қаржыны жұмсамау үшін тұқымды тасымалдау жұмыстарына сәуір айында кіріседі.
– Солтүстік қазақстандық тұқым шаруашылықтары жергілікті агроқұрылымдардың қажеттілігін толық қамтамасыз ете ала ма?
– Жергілікті тұқым шаруашылықтары қажеттілікті 100 пайыз қамтамасыз етеді. Солтүстік өңірде 2 оригинатор-шаруашылық қызмет етеді. Элитаны ұсыну құқығына тек аттестацияланған 6 тұқым шаруашылығы ие. Ал жоғары репродукцияға жататын тұқымдарды 31 шаруашылық диқандарға сатады. Басқа облыстарда аттестацияланған субъектілер бойынша көрсеткіштер айтарлықтай төмен. Сәйкесінше бізде тұқым шаруашылықтары жетпейді деген мәселе жоқтың қасы. Тек аудандардың бірінде олардың саны басым болса, екіншілерінде атымен жоқ. Мәселен, біреуінде 5 шаруашылық бар, екіншісінде оның бірі де жоқ. Алайда диқандар тұқым үшін шалғайға ат арылтпай, оны өздерінің аудандарынан сатып алатын мүмкіндік ұсынылуы шарт. Бұл мақсатты берік ұстанып, тұқым шаруашылықтары құрылмаған бірнеше ауданға бет бұрдық.
– Тұқым шаруашылығында демеуқаржыландыру жүйесі түбегейлі өзгергені мәшһүр. Бұл диқандарды сұрыптың сапасын жақсартуға, оны жаңартуға қаншалықты ынталандырады?
– 2015 жылға дейін демеуқаржы элиталық тұқымға ғана қарастырылды. Енді соны өзгерістерге сай 1-3 репродукцияны субсидиялау ұйғарылды. Биыл бекітілген ең төменгі нормаларды тергіштейік. Оған сәйкес дәнді дақылдар бойынша бір гектарға шамамен 6 келі 475 грамм тұқымды субсидиялау қарастырылған. Егер аталмыш көрсеткішті дәнді себу нормасына бөлсек, онда 4,5 пайыз шығады. Яғни, әрбір шаруашылық жалпы егістік алқабынан 4,5%көлемінде субсидия алады. Меніңше, оның енгізілуі өте дұрыс қадам. Оның бағыты дұрыс екендігіне шек келтірмеймін. Себебі бұған дейін мұндай норма атымен жоқ еді. Сәйкесінше диқан элиталық тұқымды сатып алса, оған тиесілі егістік алқабы толық демеуқаржыландырылған. Енді сауатты есептелген норма сортты жаңарту жұмыстарына жаңа серпін береді. Әрбір диқан жоғары сұрыпты тұқымды еншілесе, берекелі өнімге кенелетінін түйсінеді.
– Бұған дейін элиталық тұқым алқапқа сіңірілгенімен, жиналған өнімді тұқымға қалдырудың орнына тауарлық астық түрінде тапсырылған. Оның салдарынан жоғары сұрыпты дәнді көбейту жұмыстарында белсенділік байқалмаған. Бұл демеуқаржыландыру жүйесін өзгертуге мәжбүрледі емес пе?
– Шаруалар демеуқаржының арқасында элиталық тұқымды нарықтағы бағамен салыстырғанда 40 пайызға арзан сатып алды. Оны алқапқа егіп, бірақ күзде орылған сапалы дәннің барлығын элеваторға тапсырған. Тұқымға арналған астық осылайша тауарлық астық ретінде сатылды. Ел қазынасынан үлестірілген демеуқаржы желге ұшқанмен тең деуге болады. Барлық шаруашылықтардың көңілі тоқ болғанымен, діттелген сұрыпты жаңарту жұмыстары сиыр құйымшақтанды. Мәселен, біздің аймақта сортты жаңарту көрсеткіші көңілді көншітті. Себебі агроқұрылымның бірі элиталық тұқымды еншіліп, барлық егістік алқабына субсидия алатын. Ал өзгелері үшін қалтаның таяздығынан, оны сатып алу арманға айналған. Енді әрбір шаруашылық жоғары сұрыпты дәнмен қамданбаса, белгіленген 4,5 пайызды еңсеру екіталай. Сонымен қатар минералды тыңайтқыштарды демеуқаржыландыру ережесіне өзгерістер енгізілді. Енді диқан тұқымның 1 репродукциясын сатып алмаса, минералды тыңайтқышқа арналған субсидиядан қағылады.
Диқандар субсидияланған дәнді егіп, күзде орып, келесі жылға тұқым ретінде қалдыруы тиіс. Бұл сортты жаңартуға жаңа серпін береді. Өз басым осы салада 20 жыл бойы тер төгіп келемін. Меніңше, тұқымның бірінші репродукциясына қарастырылған демеуқаржыны ұлғайту қажет. Қолдау гектарына 6 келіні емес, 20 келіні субсидиялауға бағытталғаны жөн.
– Шынтуайтында, ұсақ шаруашылықтар тұқыммен күзде қамданбай, көбіне көктемде оны іздеп сандалады. Бұл ретте бірігудің мәні артатын секілді.
-Ұсақ шаруашылықтарда көбіне тұқымды сақтайтын қоймада орын жоқ. Сондықтан жылда көктемде дән іздеп, оны себеді. Енді оларды бірігуге өмірдің өзі ынталандырады. Күш-жігерді бір арнаға тоғыстырса, тұқымның бағасы да қалтаны қақпайды.
– Тұщымды жауаптарыңызға рахмет. Қолға алған бастамаларыңызға сәттілік тілеймін!
Венера Мұстафина
11.04.2016 ж. жауап