Үлгілі кооперативтер қанат жаймақ
Отандық тауар өндірушілер кооперативке бірігуден ат тондарын ала қашады. Олардың күдіктері мен үрейлерін биыл құпталған «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заң сейілтетініне үміт бар. Жаңа құжат тиісті түзетулермен 2016 жылы күшіне енеді. Оның шеңберінде жүйедегі кедергілерге тосқауыл қойылып, үлгілі түрде шаруашылықтар ірілендірілмек.
Табыс еселенбек
Агроөнеркәсіптік саланың еңсесін тіктеуіне әзірге ұсақ тауарлық қолбайлау. Уәждерін жіпке тізген шенділер отандық өндірістің дамуын тежейтін сипаттың көбінен арылуға кіріспек. Мақұлданған меморандум – оның бір айғағы іспетті. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы күш-жігерді жұмылдыруға бекінді. Оның шеңберінде сол құжаттың игілігін іс жүзінде паш етілмек. 2016 жылы 4 қанатқақты жоба өмірге жолдама алмақ. Таңдау Жамбыл, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан және Алматы облыстарының еншісіне түсті. Үлгілі кооперативтер көкөніс, сүт, майлы дақылдар, ет бағытында ұйымдастырылмақ. Оның барысы қағаз жүзінде жобаланып, ортақ жоспар түзілген. Асығы алшысынан түссе, оларға өзгелер де бой түземек.
- Біз аталмыш кооперативтердің дамуына серпін беретін барлық ұйымдастыру жұмыстарын мойнымызға алып, оның басы-қасында болмақпыз. Үлгілі кооперативтің іргесін қалап, тәжірибені ел көлемінде таратуды мақсат тұттық, – деп Ұлттық кәсіпкерлер палатасының агроөнеркәсіптік кешен комитеті Хатшылығының басшысы Рүстем Құрманов мәселенің мәнісін бағамдады.
Оның арқасында делдалдардың қитұрқы әрекеттеріне тосқауыл қойылмақ.Өнімнен түскен кіріске пысықайлар емес, тауар өндірушілер кенеледі.
- Астанадан 70 шақырым орналасқан Аршалы ауданына жолымыз түсті. Онда еттің келісі 500 теңгеден сатып алынады. Ал бөлшек түрде оның құны 1200-1500 теңгеге жететіні мәлім. Оның айырмасы қайда? Әрбір шаруа жыл бойы базарда өз өнімін сата алмайды. Сондықтан қанатқақты жоба пысықталуда. Оған сәйкес 30 тауар өндіруші біріктіріліп, оларға «Шапағат» коммуналдық базарынан орын ұсынылады. Олар өз өнімдерін делдалсыз, бірнеше есе қосылған құнсыз өткізуге жол ашылады, – деп жобалардың бірі жайлы «Қазагро» ҰБХ басқарма төрағасының кеңесшісі Бауыржан Қасенов баяндады.
Құзырет орталықтары ашылады
Әуелі әр өңірде құзырет орталықтары құрылады деп жоспарланған. Оларға отандық тауар өндірушілерді оқыту, қаржылық сауаттылықты арттыру, жаңашылдықтар жайлы ақпараттандыру, ұсақ шаруашылықтарға қолғабыс ету жүгі артылмақ. Кооперациялардың шарапатын жіпке тізеді. Оны құрудың талаптарын жергілікті ауылшаруашылық құрылымдарға түсіндіреді. Білім беруде мемлекеттік орталықтар емес, нақты шаруашылықтар нысанаға алынады. Тәжірибелі аграрийлердің табыс кілтін саралап, кәдеге жаратылатын технологиялармен танысуға жол ашылмақ.
- «ҚазАгроИнновация» АҚ арқылы білімді тарату жүйесіне сүйендік, «Қазагромаркетинг» АҚ да нақты ақпараттық қолдау жүргізді. Бірақ аса нәтиже байқалмады. Келесі жылы оқытудың жаңа тәсілі ендіріледі. Оны ҰКП негізінде құру жоспарланған. Енді тауар өндірушілер негізгі деп анықталатын, тәжірибесі мол шаруашылықтарда білімдерін кеңейтеді, – деп межеленген міндеттерге Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков тоқталды.
Отандық ауылшаруашылық тауар өндірушілер білім көкжиегін мемлекеттік тапсырыс арқылы кеңейтпек.
Қағазбастылыққа жол жоқ
Бұған дейін аграрлық кооперациялардың қамын 5 заң күйттеген. Саны көп болғанымен, түйіткілді тұстары шаш етектен еді. Кесірінен кооперация дегеннен ат тондарын ала қашатындар көбейді. Әр тауар өндіруші кәсібінің тасын өз күшімен өрге домалатуға талпынды. Енді ірілендіруге бекінген шаруашылықтардың жұмысы бір құжаттың аясында реттелмек. «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» жаңа заң кооперативтерге таңдау жасауды еркіндік береді, – деп Р. Құрманов сөзін сабақтады. Мысалы, бұрынғы заң жобаларында кооперативтердің қайсысы жарғылық қорға мол ақша салса, ол ұйым көбірек дауыс беретін еді. Ал қазіргі заң бойынша бір кооператив бір дауысқа ие. Оның жарғылық қорға салған ақшасына қарамай, өзгелермен құқығы теңестіріліп отыр».
Бұған дейін ауыл шаруашылығы кооперативтерінің коммерциялық емес ұйым түрінде құрылуы да алға басқан аяққа тұсау болды. Кесірінен табысты бөлу мүмкіндігі қарастырылмаған-ды. Сәйкесінше кооперативтің қызметіне сенімнен гөрі күдік артқан. «Бұрынғы заңның мақсаты табыс емес, тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыруға ғана бағытталса, бұл жаңа заң шаруалардың толағай табыс табуына мүмкіндік жасайды. Яғни, кооперативтердің ендігі мақсаты – табыс тауып, сол табысты кооператив мүшелері арасында бөліп бере алады. Болмаса, табысты тұтастай кооперативтің дамуына жұмсай алады», – дейді ол.
Енді сенімсіздік ұяласа, қызметтің мөлдірлігін сүзгіден өткізуге жол ашық. Біріккен шаруалар арнайы аудиторларды жалдап, өз кооперативінің жұмысын тексерте алады.
- Заңнамалық деңгейде анықталған қолбайлау мәселелер жойылды. Енді заңды іс жүзінде жүзеге асыру міндеті тұр. Барлығы бірден қарқын алып, дамиды деген пікірден аулақпыз. Бірақ негізінен солай болуы тиіс. Оған қол жеткіземіз. Себебі жыл санап бәсекелестік артуда, ауылшаруашылық тауар өндірушілерге қойылатын талаптар да күшейді, – деп түйіндеді құзырлы ведомствоның басы-қасындағы Асылжан Сарыбайұлы.
Күш-жігерді біріктіру қажет
Несие рәсімдеуде кей шаруалардың маңдайы тасқа соғатыны мәлім. Көбіне-көп бар гәп кепілдің жоқтығына тіреледі. Салдарынан қолдағы құрал-жабдықтарды жаңарту, өнімділікті арттыру ысырылады. Оны «Новорыбинка және К» ЖШС директоры Талғат Мусин мойындайды. Күш-жігерді біріктірудің игілігін саралауды ұйғарып, кооперативтің мүшесі атанған. «Оның арқасында жедел түрде несие рәсімделді. Оны қосалқы бөлшектерді, құрал-жабдықтарды, гербицидті сатып алуға жұмсадым. Егістік алқабы 18 мың 500 га құрайды. Оның басым бөлігіне дәнді дақыл сіңіріледі. Гектар берекелігі 18 центнерге жетті. Келесі жылға тұқыммен қамданып, қарызымыздан құтылдық», – дейді ол.
Диқандарды кепілсіз несие рәсімдеу мүмкіндігі бірігуге ынталандырады. СҚО бойынша аймақтық астық холдингі биыл сәуірде құрылған. Бүгінде оған 61 теріскейлік шаруа бірлескен. Олардың қатарында ЖШС, қожалықтар да бар. Еншілерінде 81 мың га егістік алқабы бар. Кооператив мүшелері 1 млрд.теңге көлемінде несие алған.
- Бір ай ішінде ешбір кепілсіз қаржы алдық. Қағазбастылыққа да жол берілген жоқ, – дейді «СҚО бойынша аймақтық астық холдингі» ЖШС директоры Марат Ысқақов.
Ресми деректерді тергіштесек, ауылшаруашылық өнімдердің 50 пайызға жуығы қосалқы шаруашылықтарға тиесілі. Шаруа қожалықтарының үлесіне 31%-ы тисе, 23%-ын ауылшаруашылық кәсіпорындар қамтамасыз етеді. Еліміздегі ауылшаруашылық құрылымдардың бар-жоғы 2% ғана кооперативтердің еншісіне тиесілі. Жалпы саны 3 мыңға жуықтайтын көрінеді. Олардың арасында 1481 ауылдық тұтынушы кооперативтері, 489 су пайдаланушылардың ауылдық тұтыну кооперативтері, 43 ауылшаруашылық серіктестіктер, 1843 өндірістік кооперативтер бар.
Венера Мұстафина
Также читайте:
НПП «Атамекен» и фермеры создадут агрокооперативы
Сельскохозяйственные кооперативы: новое решение проблем мелких хозяйств