Қырғызстанмен шекарадағы ветеринарлық бақылау сақталады
Қазақ-қырғыз шекарасында тек кедендік бақылаулар алынып тасталды. Ал шекаралық, санитарлық- карантиндік, ветеринарлық, фитосанитарлық қадағалау жұмыстары сақталған. Себебі әзірге Еуразиялық экономикалық одақтың жаңа мүшесі өз өнімінің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қауқарсыз. Бұл жүргізілген тексеру жұмыстарының тоқтамы.
Кедендік бақылау тоқтатылды
Биыл Еуразиялық экономикалық одақтың қатары бір мемлекетпен толыққанды. Ресми түрде Қырғызстан бірлестіктің толық мүшесі атанды. Оның шеңберінде ықпалдастықтың тамыры тереңдеп, алыс-берістің құлашы кеңге жайылмақ. Ал айырқалпақты ағайын үшін тұтынушысы 175 млн. жететін ірі нарыққа жол ашық. Оған сәйкес тамыз айының басында қазақ-қырғыз шекарасының 8 өткізу бекетіндегі кедендік бақылау тоқтатылды. Бірақ ветеринарлық бақылау алынбай, сақталып отыр. Оның ахуалын бағамдаған мамандардың уәжі: қырғызстандықтар өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әзір емес.
– Биылғы сәуір айын да ЕАЭО және ЕЭК бірігіп, Қырғызстандағы санитарлық-карантиндік, ветеринарлық, фитосанитарлық бақылаудың жағдайын сараптады. Аудит нәтижесінде олар ды сақтауға байланысты көрші мемлекетке бірқатар шаралар қолға алу ұсынылды. 17- 20 тамыз аралығында бақылаудың аталмыш түрлерін жүргізу тұрғысында Қырғызстан аумағында қайталама зерттеу жүргізіледі. Оның қорытындысы бойынша оң нәтиже шығарылса, онда Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі аталған қадағалау түрлерін доғарудың мерзімін айқындауы тиіс», – деп мәселенің мән-жайын ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті басқармасының төрағасы Қайрат МАУБАЕВ тергіштеді.
Аудит заңнамалық базадан бастап материалдық-техникалық жарақтандырылу, мемлекеттік құрылым қызметінің тиімділігі, бекеттерде және ел ішінде еңбек ететін мамандардың біліктілігі іспетті барлық бақылау жүйесін түбегейлі сараптауды қ амтиды. «Ешбір ықпалдастық басқа мемлекетке залал тигізбеуі тиіс. Қолданыстағы ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау әуелі біздің мемлекетімізді және ЕАЭО қатарындағы көршілерімізді аса қауіпті карантиндік нысандарды кіргізуден және таратудан қорғауға бағытталған. Дәл осы мақсаттарда өзіміздің қызметімізді жалғастырудамыз. Бүгінде барлық үш тексеріс те біздің әріптестеріміз қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз етуге дайын емес екенін көрсетіп отыр. Оның бір парасы өткізу бекеттерінде қажетті құрал-жабдықтардың қамтамасыз етілмеуіне және жоқтығына, көптеген мал індттері бойынша қолайсыз жағдайдың қалыптасуына тіреледі», – деп күйінді ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Сақташ Хасенов.
Әуелі қауіпсіздікке кепілдік қажет
Тағылған мінді түзету айыр- қалпақты ағайынның еншісінде. Бақылаудың сақталу мерзімі де тек қырғызстандық мамандардың біліктілігіне тіреледі. Олқылықтар жойылып, өнімнің қауіпсіздігі бойынша күдік туындамаса, онда мәселенің түйіні тарқатылатын көрінеді. “Олар ветеринарлық бақылау жүйесінің оң бағалануына қаншалықты тезірек қол жеткізсе, соншалықты мәселе дұрыс және жедел шешіледі.
Бірақ Халықаралық эпизоотикалық бюроның нұсқаулығы-ұсынысы бойынша қ андай да бір мал індеті, оның ішінде аусыл туындағаннан соң, екі жыл өтуі тиіс. Оларда соңғы рет аусыл 2014 жылдың тамызында тіркелді. Бір жыл өтті, енді кемінде тағы бір жыл қажет. Қырғызстан кіретін ХЭБ ережесі мемлекетті аусыл бойынша қолайлы деп есептеуге мүмкіндік бермейді. Біздің ақпарат бойынша өткен жылы Қырғызстан аусылдың таралуы бойынша нотификация жасалды. Қазақстан және ЕАЭО-ғы әріптестеріміз үшін ықтимал қауіптің барын ескеріп, Жол картасы шаралары жоспарының негізінде Қырғыз Республикасының ветеринарлық бақылау мен қадағалау жүйесіне оң баға берілмегенше дейін ветеринарлық бақылау болуы қажет деп есептейміз”, – деп, түйді Сақташ Хасенов.
Қырғызстандық аққа қызығушылық бар
Тұңғыш мәрте Орта Азиядағы елдер арасында Қазақстан да усылдан бос аумақ ретінде мойындалған. Оның арқасында алыс-беріске жан бітіруге жол ашық. Отандық тауар өндірушілер мал өнімдерін еркін шекара асырады. Олар бүгінде өзіміздің шикізатты ұқсатып отыр. Бірақ айырқалпақты ағайынның ағынан да бас тартпайды. Қайта өңдеуші ретінде оңтүстік өңірдегі кешендер қырғызстандық сүтке қызығушылық білдіруде.
– Бүгінгі таң да Қ ырғыз Республикасында бақылаудан кейін сүтті тасымалдау құқығына ие 7 қайта өңдеу кәсіпорындары бар. Ет бойынша Қазақстан өзін өзі жеткілікті қамтамасыз ететіні белгілі. Сәйкесінше әзірге тек сүт өнімдеріне қызығушылық білдіріп отырмыз. Ал қалғаны Қырғызстандағы біздің әріптестерімізге байланысты”, – деп мойындады Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі.
Реэкспортқа жол берілмейді
Елімізге ЕАЭО техникалық регламенттеріне сәйкес келетін өнімдер Қырғызстаннан жол тартпақ. Айырқалпақты ағайын үшінші мемлекеттерден жеткізілген тауарларды арнайы зертханада сүзгіден өткізеді. Кілтипан табылмаса, онда Одақ аймағына айналымға жібереді. Қырғызстандықтарға қажетті техникалық құралдармен қамдануға қазақстандық әріптестері қол ұшын созуға әзір. «ЕАЭО 35 техникалық регламент күшіне енді. Қырғыз тарабы үшін жекелеген техникалық регламенттер бойынша оған өту мерзімдері қарастырылған. Одақ аясында жекелеген келісім қабылданбақ. Бақылауды қамтамасыз ету бойынша келісім пысықталуда. Құжат ЕАЭО аумағындағы бірыңғай бақылау ретінде қызмет етпек», – деп жіпке тізді ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Біржан Қанешев.
Кедендік шекара құрдымға кетіп, қытайлық тауардың қаптап кету қауіпі бар. Аспан асты елінің өнімдері қырғызстандық ретінде ішкі нарығымызға жол тартуы кәдік. Оның ықтималдығын шенділер де жоққа шығармайды.
– Қырғызстанның ықпалдастыққа қосылуында жағымды және жағымсыз тұстар бар. Бұл тауар мен қаржы еркін айналатын алаң. Өнімдердің реэкспортына байланысты Қазақстан нарығына қытай тауарлары қырғыз тауарлары күйінде тасымалдану қауіпі бар. Бірақ біз бұл ретте сараптау, тексеру жұмыстарын мықтап қолға алмақпыз. Қырғызстанның кеденде еңбек ететін әріптестерімізден қай жерде не рәсімделіп жатқанын білеміз. Өз тарапымыздан белгілі бір шаралар қабылданады, – деп ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті басқармасының төрағасы Қ айрат Маубаев тергіштеді.
Венера Мұстафина