Құс өсірушілер «Буш сирақтарына» тәуелділікті азайтпақ
Жұмыртқа өндіру бойынша өзімізді 100 пайыз қамтып отырмыз. Ал құс еті өндірісінде әлі де сыртқа тәуелділік бар. Алдағы 2-3 жылда оның деңгейі 10-12 пайызға құлдилайды деп күтілуде. Қолданысқа тапсырылатын тың өндірістерге үміт көп. Әзірге «Қазақстанда шығарылған» құс еті ішкі нарықтың қажеттілігін 60% өтеп отыр.
Бәсекелестік жанданды
2014 жылғы деректерді тергіштесек, жер-жаһандағы ет өндірісінің 35 пайызы құс шаруашылығына тиесілі. Оның дені АҚШ-тың еншісінде. Көрсеткіш 27% тең. Екінші орын қытайлықтарға бұйырған. Аспан асты елінде әлемдегі құс етінің 24 пайызын өндіреді. Ірі өндірушілердің үштігін Еуропалық одақ 17% түйіндейді. Егер 2010 жылы дүние жүзінде 99 млн. тонна құс еті нарықта саудаланса, биыл оның деңгейі 11 млн.тоннаға еселенген. Еліміздің үлесіндегі көрсеткіш 134 мың тоннаны құрайды. Биылғы жоспар іс жүзінде орындалса, нарыққа 190 мың тонна құс еті және 4,6 млрд. жұмыртқа жол тартады. Оған өзімізбен қатар өзгелерді де қарық етуге қауқар бар.
Бірақ отандық өндірушілер өткен жылдың соңынан бері артылғанды шекара асыруда тығырыққа тірелген-ді. Көрші мемлекеттегі ақша бағамының құлдырауынан құс өсірушілердің дегбірі қашқан. Елімізде сырттан ағылған арзан өнім билік құрып, қазақстандық тауар қоймада шаң басқан. «Шаңырақ» басқарушы компанияларының бас директоры Максим Божко саланың тынысы тарылғанын мойындайды. Оның сөзіне сүйенсек, қоймаларда 10 млн астам жұмыртқа, 1 мың тоннаға жуық құс еті сақталған. Тек теңге еркін айналымға жіберілген соң, ахуал оңға басты. Демпингтен гөрі таза бәсекелестіктің асығы алшысынан түсті.
– Бүгінде біздің қоймаларымыз бос тұр. Өнімнің құнын өзгерткен жоқпыз. Барлық тауарлар 2-3 аптаның ішінде сатылды. Өніміміздің бәсекеге қабілеттілігі артты. Құс еті бойынша да ахуал дәл осы іспетті. Бұған дейін ресейлік арзан өнімді тұтынған сатып алушылар бізге оралуда,-деп компания басшысы ағынан жарылды.
Өткен жылы етті бағыттағы жаңа 3 құс фабрикасы қолданысқа тапсырылды. Жұмыртқа өндіретін кәсіпорындардың қатары 5-ке қалыңдады. Олардың бірі таяуда Жамбыл облысында ашылады деп күтілуде.
Ішкі сұранысты қамтуға ден қойылмақ
Енді өндірісті қамшыландырып, сыртқа нарықты бағындыруға жол ашық. Құс өсірушілер Ресеймен қатар Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан іспетті оңтүстіктегі мемлекеттерге ден қоймақ.
– Біз теңгенің еркін айналымға жіберілуін тағатсыздана күттік. Себебі көрші мемлекеттегі валютаның құнсыздануынан, бәсекелестікке төтеп бере алмадық. Кесірінен құны арзан ресейлік өнім елімізге ағылды. Меніңше, енді басымдық ретінде өнімді сыртқа тасымалдауға мықтап кірісеміз. Бұған дейін қазақстандық күркетауық етінің 40 пайызын Ресейдің Мәскеу, Омбы, Томск қалалары тұтынатынды. Ал рубльдің бағамы өзгерген соң, олардың арзан бағалары біздің өнімдерді ығыстырды,-деп мәселенің жай-жапсарын Руслан Шәріпов жіпке тізді.
Енді «Шаңырақ» холдингісі өзіне қарасты «CapitalProjectLTD» кәсіпорнының жылдық қуат-тылығын екі есе ұлғайтуды межелеген. 2019 жылға қарай салқындатылған әрі мұздатылған құс етінің көлемі 40 мың тоннаға дейін жетуі тиіс. Сан емес, сапа нысанаға алынады. Оның арқасында құс өсірушілер мұздатылған «Буш сирақтарын» нарықтан ығыстырмақ. «Біз үшін АҚШ-тан жеткізілетін құс еті нарықтағы негізгі бәсекелес. Бірақ олардың еті шалғайдан мұздатқ ыш контейнерлер де жеткізілгеніне назар аудару қажет. Бұл ретте тасымаладу кезінде оның сапасын бақылау мүмкін бола бермейді. Сонымен қатар салмағын 30-50 пайызға арттыру үшін етке су қосылады», – деп өзінің дәйегін Максим Божко алға тартты.
«Буш сирақтарына» америкалық тұтынушылар арасында сұраныс кемші. Тығырықтан шығар жол ретінде өндірушілер құс етін өзге мемлекеттерге өткізуге мәжбүр. Бұл ретте тауар өндірушілер Үкіметтен құс етінің импортына қарастырылған квотаны азайтуды сұрамақ. Себебі биыл еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымының қатарына қосылған соң, оның көлемі артты. Жылдық квотаның көлемі 20 мың тоннаға көбейіп, 140 мың тоннаға жеткен.
Демеудің шарапаты тиеді
Әлем назары ауған азық-түлік қауіпсіздігінде өнеркәсіптік құс шаруашылығының салмағы елеулі. Саланы қамшыландыру жолындағы қам-қарекеттер елімізде де қолға алынған. Оның бір парасы мемлекеттік демеуге тіреледі. Соңғы 5 жылда демеуқаржыландырудың көлемі 6,8 миллиардттан 20 миллиард теңгеге жеткен. Биыл құс етіне қазынадан 8,2 млрд. теңге үлестірілген. Жұмыртқа өндірісін демеуге 9,2 млрд. теңге жұмсалды. Құс өсірушілер азықпен қамдануда дамемлекеттің шарапатын сезінеді. Ұлттық қордан бөлінген қаражат 1 млрд. теңгеден асып жығылады.
Құс өсірушілер ұлттық валютаның еркін айналымға жіберілуіне байланысты өнімнің өзіндік құны жыл соңына дейін 10-20 пайызға өсуі мүмкін екенін алға тартады. Оған сырттан тасымалданатын қоспалар мен ветеринарлық препараттардың қымбаттауы әсерін тигізеді.
– Бройлерлік құс фабрикаларының желісін құру бойынша арнайы мемлекеттік бағдарлама түзілді. Оған сәйкес «Қазагро», «Бәйтерек» ұлттық холдингтері арқылы кәсіпкерлік жобаларды жеңілдетілген түрде несиелеу қарастырылған. Сонымен қатар Үкімет тарапынан құс өнімдерін, сүтті өндірумен айналысатын агроөнеркәсіптік нысандарды демеуқаржыландырудың көлемін 50 пайызға арттыру шешімі қабылданды. Бұл технологиялық желілерді жаңғыртуға бел буған кәсіпорындар үшін елеулі көмек екені даусыз, – деп түйді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева.
«Судың да сұрауы бар» демекші, құйылған қаржының ел үшін игілігі сезілуі тиіс. Бірақ өндірістің тынысы кеңейгенімен, әлі де ұтылатын тұстар шаш етектен. Сауда сөрелеріндегі шетелдік құс пен оның өнімдері әлі де самсап тұр. 2007 жылы дастарханымыздағы құс етінің 70 пайызы сырттан дорбаланса, бүгінде 55% құлдилаған. Шенеуніктер бір орында тапжылмай, алдағы 7 жылда құс еті өндірісінің бір жылдағы көлемін 230-240 мың тоннаға жеткізуге бел буған.
Өндіріс ғылыми жетістіктерге негізделуі тиіс
Оңтүстік өңірдегі «Ордабасы құс» ЖШС қанатын кеңге жайған. Серіктестік шикізатты ұқсатудың сырын жетік меңгеріп алды. Нарыққа дайын өнімнің 70 түрі жол тартады. Ордабасылық күркетауықтың дәмі шетелдіктұтынушылар үшін де таңсық емес. Шығарылған 8 мың тоннаға жуық өнімнің 35% ЕАЭО мемлекеттерінің сауда сөрелеріне жайғастырылады. Жаңа жылға артылған межеге сәйкес тауардың тең жартысы шекара асуы тиіс. Ол үшін құс фабрикасы әуелі толық қуаттылықты еңсермек. Екіншіден, дайын өнімнің қатары 100-ге дейін ұлғайтылады.
Күркетауықтың етін өндіруге көрші мемлекет те басымдық бермек. Ресей құс шаруашылығы одағының президенті Владимир Фисининнің айтуынша, биыл оның көлемі 204 мың тоннаны құраса, қағаздағы жоспар бойынша 2020 жылға қарай 3 есе артады.
– 2014 жылдағы құс етінен әзірленген өнімдер түрлеріне тоқталсақ, 40 пайызын салқындатылған және мұздатылған құс еті құрайды. Жартылай дайын өнімдердің еншісінде де 40%. Шұжық, консервілер, паштеттер тәрізді тұтынуға дайын өнімдер 20 пайызға жетті. Ал қалған бөлігі тұшпара, котлет, манты секілді кесілген жартылай дайын өнімдерге тиесілі. Құс шаруашылығын дамытуда тиімділік және биоқауіпсіздік басты түсініктерге айналған. Сондықтан бүгінде ветеринарлық ғылым саласындағы инновацияларға артылатын жүк жауапты, – дейді ресейлік одақтың өкілі.
Ресейде 16 жыл ішінде құс етінің өндірісі 6,6 есе көбейіп, 2014 жылы 4165 тоннаны құрады. Жан басына шаққанда 28 келіден келеді. Көрші мемлекет саланы өркендетуде нанотехнологияларға иек артуға дәмелі.
Венера Мұстафина